Экологиялық білім керек
Дата: 13.08.2024 Рубрика: Экология и творчество
0
549
0
Бүгінгі қоғам алдында, адамзат алдында тұрған негізгі мәселердің бірі – экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау және табиғи байлықтарды үнемді пайдалану. Қазақстан Республикасының өркениетті ел атанып, экономикасы қарыштай дамып отырған кезеңде, болашаққа көз жүгірте отырып, экологиялық мәселені жоспарламау мүмкін емес. Адамның қоршаған ортамен тығыз байланысы, ауаның, судың, топырақтың ластануы, табиғат ресурстарының азаюы, биосфера тепе-теңдігінің бұзылуы, өсімдік, жануар түрлерінің азаюы, адам денсаулығына, өмір сүру жағдайына кері әсерін тигізуде.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ағарту министрлігімен бірлесіп экологиялық білім беруді арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Экологиялық білім берудің негізгі мақсаты – адамның табиғатқа, оны сақтап қалуға жауапкершілігін арттыру, тиімді пайдалана білу. Адам өзінің жалпы экологиялық мәдениетін қалыптастырып, үздіксіз экологиялық білім алуы керек.
Бүгінде, жалпы білім беретін мектептерде экологиялық сағаттар, сыныптан тыс жұмыстарда келесі ақпараттық-экологиялық, әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізіледі. Экология – табиғат пен адамның түйісер жері. Экология мәселесі – адамзаттың болашағымен тығыз байланысты. Адамдар экологиялық сауатты болу керек. Сондықтан оларға жастайынан экологиялық білім мен тәрбие берілуі тиіс. Бала кезінен бастап әр адам жер, су, ауа туралы байыпты ойланып, оларды сақтауға тырысатын уақыт келді. Табиғатқа зиянымызды тигізбей, қоршаған ортаны аялауға өзіміздің кішігірім үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін табиғи ресурстарды пайдалануды сәл азайтсақ болғаны. Мысалы, жеке көліктен қоғамдық көлікке ауысу, тіс тазалағанда су ағып тұрған кранды жабу, үйдегі шамдарды энергия үнемдейтін шамдарға алмастыру, қоқысты сұрыптау, пластик пакеттерді қолданбау...
Планетаның өкпесі – жасыл желектер. Бір ағаш 2 литр оттегін шығара алады, бұл бір адамға үш күнге жетеді. Бір отырғызылған ағаш 1000 кг парниктік шығарындылардың орнын толтыратыны белгілі. Жайлы өмір сүру үшін планетаның әр тұрғыны жылына кемінде 14 ағаш отырғызуы керек. Әрбір қазақстандық отбасында еліміздің өркендеуі үшін экологиялық тұрақтылықтың символына айналатын ағаш отырғызу дәстүрі жалғасын тапса, керемет!
«Тәрбие басы – тал бесік!» дегендей, балаларымыз балабақша жасынан, отбасында ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз, Ұлыларымыздың салып кеткен сара жолдары арқылы тәрбиеленсе, өзінің өмір сүріп отырған ортасына жауапкершілікпен қараса, өсіп тұрған ағашынан, ұшқан құсына, жыбырлаған жәндігіне дейін қамқор болуға дағдыланса, нұр үстіне нұр болар еді.
Г.Өтебаева,
экология ағарту бөлімінің экскурсоводы
Комментарии