Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Киіз үй – халқымыздың қастерлі мұрасы

Дата: 18.08.2026 Рубрика: Бір шаңырақ
3
0
Киіз үй – халқымыздың қастерлі мұрасы
Жазғы демалыста атама қонаққа бардым. Бір күні атаммен бірге жайлауға шықтық. Сонда қырда тігулі тұрған әдемі киіз үйді көрдім. Мен оны алғаш рет көруім еді. Бұрын киіз үйді тек кітаптан және теледидардан ғана көрген болатынмын. Ал өз көзіммен көргенде ерекше әсер алдым. Оның ақ киізі күнге шағылысып, алыстан көз тартып тұрды. Киіз үйдің жанына жақындаған кезде атам маған оның тарихы мен ерекшелігі туралы әңгімелеп берді.
Атамның айтуынша, киіз үй – қазақ халқының ғасырлар бойы пайдаланған ұлттық баспанасы. Ол көшпелі өмір салтына өте қолайлы болған. Киіз үйді аз уақыт ішінде тігіп, қайта жинауға болады. Сондықтан ата-бабаларымыз мал жайылымына көшкен кезде оны өздерімен бірге алып жүрген. Киіз үй жазда салқын, қыста жылы болады. Оның мұндай қасиеті киіздің табиғи ерекшелігіне байланысты.
Атам маған киіз үйдің әр бөлігінің өзіндік мағынасы бар екенін айтты. Киіз үйдің негізі – кереге, ол үйдің қабырғасы қызметін атқарады. Уық кереге мен шаңырақты байланыстырады. Ал шаңырақ – киіз үйдің ең қасиетті бөлігі. Қазақ халқы шаңырақты отбасының, бірліктің және берекенің белгісі деп есептеген. Сондықтан «шаңырағың биік болсын» деген ақ тілек айтылатын болған. Киіз үйдің есігі көбіне шығысқа қаратылып тігілген, өйткені таңертең күннің алғашқы шапағы үйге түседі.
Киіз үйдің ішіне кіргенде өзімді ерекше әлемге енгендей сезіндім. Іші кең әрі жарық екен. Еденге түрлі-­түсті сырмақтар мен текеметтер төселген. Қабырғаға әдемі тұскиіздер ілініпті. Ағаштан жасалған кебеже, сандық және басқа да ұлттық бұйымдар көздің жауын алады. Атам бұл заттардың әрқайсысын халқымыздың шебер қолөнершілері жасағанын айтты.
Сол күні жеңгем дастарқан жайып, бауырсақ, қымыз және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Біз киіз үйдің ішінде отырып әңгімелестік. Өзімді ата-бабамыздың өмір сүрген дәуіріне саяхат жасағандай сезіндім. Киіз үйдің іші өте жайлы әрі қонақжай екеніне көзім жетті.
Атамның әңгімесін тыңдай отырып, киіз үйдің жай ғана баспана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап келе жатқан қасиетті мұра екенін түсіндім. Мен қазақ халқының осындай дана әрі табиғатпен үйлесімді өмір сүргеніне мақтаныш сезімін білдірдім.
Айсана Бақытқалеева

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!