Түбіміз - түрік
«Бір шаңырақ» айдары өзге ұлт өкілдерінің мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен таныстыруды жалғастырады. Бүгінгі біздің айтқалы отырғанымыз түрік ұлтының мәдениеті болмақ. Ата-бабаларымыздан қалған сөз бойынша біздің түбіміз түрік деп жатамыз. Ендеше, біз өзімізге жақын халық жайлы не білеміз?
Мысалы, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр жалпы мұсылман қауымнның әдет-ғұрыптары бірдей болмаса да, ұқсас келеді. Мысалы, түркі тілдес халықтар секілді түріктер де туыстық жақындықты әке жағынан есептейді. Жүзге, руға бөліну оларда жойылып кетті дегенмен, үш төрт ұрпақ өтіп кетсе де кейбір әулеттер өздерін Надир балалары, Али балалары т.б деп атайды. Қазақ халқы да жеті атаны арғы аталарынан бастап есептейді емес пе? Балақай, сен өзіңнің жеті атаңды білесің бе?
Түріктерде ер адамдар әйел адамдардан әрдайым жоғары тұрады. Ұл балаларға кішкентай кезінен бастап санасына «Сен ер жігітсің, әйел затынан қай кезде де жоғары тұрып, өз артықшылығыңды біліп жүр» деп үйретеді екен. Жоғары болу дегендері ұрып соғуды емес, әрдайым қорғап қолдап, қамқор болуды, әйелдердің нәзік жанды келетіндігін меңзейді. Қазақ халқында да ер адам, әйел адамнан бір саты жоғары тұру керек деген қағида бар. Демек, жоғарғы деңгейдегі тәрбие жағынан ұқсастығымыз көп болғаны.
Сонымен қатар, Жәнәттың кілті аналарымыздың аяғының астында деген мақалды әрбір түрік жадында ұстап, төрт ұйқысын төрт бөлген ана сүтін ақтауға, әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын құрметтеп, аялап, сыйлап өтуді парыз санайды. «Үлкенге ізет, кішіге міндет» демекші, түріктердің жасы үлкені кішіге ақыл айтып, дұрыс жол нұсқайды, ал кішісі тыңдап, үлкенге ізет көрсетеді. Бұл жағынанда егіз халықтаймыз. Солай емес пе?
Тарихтан түріктердің лауазымы мен қызметіне, тұрмыс жағдайы мен қоғамда алатын орнына қарай паша, хазретлери, бей, шейх, эфенди, аға, ханым деп атау дәстүрі бар екендігін «Сұлтан Сүлейман» сериалы арқылы жақсы білеміз. Қазіргі таңда түріктер ұғымында «бей, мырза, эфенди» т.б. атаулар әл-ауқатымен, ақыл-парасатымен сый құрметке ие болған, жан-жағына билігі жүретін беделді азаматқа лайықты екен. Дүниеге ұл баланың келуі түріктер үшін қуаныш, оны ұрпақ жалғастырушы деп аса құрметпен қарайды. Жаңа туған сәбиге әркім өз шамасына қарай той жасайды. Барлық мұсылмандар сияқты бала бес жастан асқанда міндетті түрде сүндетке отырғызу салты болады. Отбасы мүшелері үшін бұл ең маңызды күндердің бірі болып саналады. Қазақ бауырлары сияқты түріктер де күрес өнерін жетік меңгерген ұлттардың бірі. Ұл баланы жастайынан күреске баулиды. Түріктер осы күрес балуандары арқылы әлемге танылып отыр. Қазақстан күрес құрамаларының арасынан да түрік балуандарын кездестіруге болады. Қазақтар сияқты түріктерде де құда түсу салты бар. Қыздың келісім беру, бермеуі жігіт үшін үлкен сынақ. Сол себепті жігіт қыздың ойын білу үшін алдын ала алма беріп жібереді. Қыз көнген болса, жауап ретінде өз орамалын салып жібереді екен. Оқырман, бұл сен үшін өте қызық ақпарт болған сияқты.
Қазақ ұлты өте қонақжай халық. Оны бәрің де жақсы білесіңдер. Түрік ұлты да қонақжайлылығынан қазақтан кем түспейді. Олар үйіне келген қонақты жоқ дегенде бір кесе шай ішкізбей жібермейді. Қазақтармен бірге өскен түріктер арасында нан ауыз тию салты да қалыптасқан. Сондай-ақ, алғыс айту, кешірім сұрау қарапайым түрік ұлтына тән қасиет. Сонымен, құрметті біздің кішкентай оқырман, бүгінгі тақырып сен үшін өте пайдалы, әрі қызықты болды деп сенеміз. Бізге жақын тағы қандай ұлт бар деп ойлайсыз?
Арайлым ҚАБИМОЛДАҚЫЗЫ
Комментарии