Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жас өнертапқыштың жетістігі

Дата: 01.12.2026 Рубрика: Бери пример!
9
0
Жас өнертапқыштың жетістігі
Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алина Алматова қолдың қозғалыс қабілеті бұзылған адамдарға арналған MoveUp инновациялық жүйесін әзірледі. Жоба оңалту жаттығуларын интерактивті ойындар арқылы орындауға және қалпына келу үдерісін бақылауға мүмкіндік береді.
MoveUp жүйесі арнайы джойстик пен ойын форматында жасалған бағдарламалық жасақтамадан тұрады. Пайдаланушылар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қолдың қимыл-­қозғалысын жаттықтырып қана қоймай, есте сақтау, зейін қою және логикалық ойлау қабілеттерін де дамыта алады.
Құрылғыға орнатылған гироскоп, акселерометр және Raspberry Pi Pico W микроконтроллері қозғалыс көрсеткіштерін тіркейді. Жиналған деректер графиктер мен кестелер түрінде ұсынылып, мамандарға оңалту нәтижелерін бағалауға көмектеседі. Жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – жаттығуларды үй жағдайында орындау мүмкіндігі. Арнайы аккаунт арқылы пациент өз жетістіктерін бақыласа, дәрігер оңалту барысын қашықтан қадағалай алады.
Алина жобаны 2025 жылдың қараша айында қолға алған. Нейробиология, медицина, электроника және бағдарламалау салаларындағы білімін ұштастыра отырып, алғашқы прототипті NIS-тің STEM зертханасында информатика пәнінің мұғалімі Александр Шерцердің жетекшілігімен әзірлеп, бастапқы сынақтардан өткізді. Кейін жоба Қостанай қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларын қолдайтын қоғамдық бірлестікте тәжірибелік сынақтан өтті. Қатысушылардан алынған кері байланыс негізінде бағдарламалық жасақтама мен контроллер құрылымына бірқатар өзгерістер енгізілді.
«MoveUp жүйесін әзірлеу үшін бірнеше ғылым саласындағы білімді біріктіруге тура келді. Бірнеше ай бойы ғылыми материалдарды зерттеп, электрондық бөлшектерді құрастырып, түрлі сынақтар жүргіздім. Басты мақсатым – оңалтуды қажет ететін адамдарға үй жағдайында жаттығу жасауға мүмкіндік беру және мамандардың жұмысын жеңілдету. Болашақта мұндай технологиялар медициналық мекемелердің жүктемесін азайтуға да көмектеседі деп сенемін», – дейді Алина.
Айта кетейік, MoveUp жобасы Республикалық ғылыми жобалар конкурсының желілік кезеңінде бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, 2026 жылдың тамыз айында Алина өз әзірлемесіне авторлық құқық туралы куәлік алды.
Бұдан бөлек, MoveUp «ITeachMe» қоғамдық қорының ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ITMLab 3.0 республикалық байқауында үздік он жобаның қатарына енді. Байқау аясында оқушы жобасын одан әрі дамытуға 700 АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алды.
Қазіргі уақытта жас өнертапқыш клиникалық зерттеулер жүргізу мақсатында өңірлік университетпен және облыстық оңалту орталығымен ынтымақтастық орнату жұмыстарын бастады. Алдағы мақсаты – MoveUp жүйесін жетілдіріп, оны медициналық мекемелерде қолдану мүмкіндігін кеңейту.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!