Жас бала – жас бiр шыбық
Дата: 22.10.2024 Рубрика: Бери пример!
0
32
0
Әрбір халықтың өзіндік ұлттық құндылықтары бар. Әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын бұл ерекшелік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына. Біз де ұлттық құндылығымызды жоғары қоятын халықпыз. Өзіміздің болмасымыз, салт-дәстүр, ғұрпымыз, тіліміз, тәрбиеміз, фольклорымыз – ұлттық құндылықтарымыз. Қазақи рухы биік идеяның қалыптасуын да ұлттық құндылықтардың маңызы зор.
Қазір біздің білім орындарында «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Соның аясында ұлттық құндылықтарымызға қатысты көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Тіпті, сабақтардың арасындағы үзіліс кезінде оқушылар асық ойнау, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарды ойнауды қолға алған.
Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтары мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлт-жанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық бағдарламаның негізгі бағыты.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз. Мәселен, зорлық-зомбылық қайдан туындайды? Бала оны сырта естиді, ақпарат көздерінен алады, көреді. Балаға сыртқы әсер етуші факторлар көп. Соған еліктеуі, еруі мүмкін. Біздің мектепте осы жағы мықтап қолға алынған. Бізде «Өнегелі 15 минут» деп аталатын құндылыққа сай шаралар жиі ұйымдастырылады. Біздің мектепте апта сайын қауіпсіздік жөніндегі сабақтар өтіп тұрады.
Отан сүйгіштік рух – Тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Жас ұрпақ ең бастысы – отбасында асқақ отансүйгіштік сезімде тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», дейді. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отбасынан басталатыны рас. Сондықтан бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.
Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында біздің А.Қоңқабаев атындағы мектепте «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасып жатыр.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады» деген. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу – басты шаруа.Мектептегі тәрбие барысында ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айта аламын.
Сәбина ҚҰРМАНҒАЛИ,
А.Қоңқабаев атындағы жалпыбілімберетін мектептің оқушысы
Комментарии