Асыл домбыраны дәріптеген
Дата: 13.08.2024 Рубрика: Бери пример!
0
72
0
Рудный қаласында «Алтын домбыра» мәдениет орталығы бар. Бұл жерде балалалар қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйренеді. Директоры – Назгүл Дүйсенова. Студияның ашылғанына екі жыл ғана болса да ауыз толтырып, мақтанышпен айтарлық жетістіктері өте көп. Әр бала өнердің дәмін татып, соған ұмтыла түседі. Осы уақыт ішінде балалар көптеген қалаларда болды. Атап өтер болсақ, Астана, Ақтөбе,Түркістан сияқты жерлерді аралаған екен. Тіпті шет елді де қазақтың төл өнерімен тамсандырған. Қазақтың қара домбырасымен Париж,Түркия елдерінде болып, өнерімізді паш етті. Қазіргі таңда студияда 150-ден астам шәкірт оқып, білім алып жүр.
Бұл студиядан бөлек студия басшысы өзге де бағыттағы, бірақ балаларды тәрбиелейтін орындарды ашқан. Ол жерлерде балаларға тоқыма тоқу, сурет салу, ән және би үйірмелері, футбол үйретеді. Бәрі де баланың болашағы үшін қажетті дүниелер.
Домбыра студиясында Дархан Асқаров, Ақбота Әуезханқызы, Дарина Нұрланқызы сынды жақсы-жақсы мұғалімдер сабақ береді. Олардың оқушыларға үйретері өте көп. Баланың бар зейінін ашып, сахнада өзін-өзі ұстауын үйретіп, ашыла түсуіне жетелейді.
Дарина Қазгелді өзі мұғалім әрі осы студияның ұйымдастырушысы.
–Бала кезімнен домбыраны қатты ұнататынмын, уақыт өте келе үйреніп алдым. Мамандығым бойынша ағылшын тілінің мұғалімімін. Назгүл апаймен кездесіп, осы студияны ашуды жөн көрдік. Мені домбыраға үйреткен атам еді. Атам Абдрахманов Қазгелді Ғазезұлы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Сол кісінің арманын орындаймын деп үйренген едім. Біздің студиямыз қазақтың ұлттық аспабы домбыраны дәріптейді. «Алтын домбыра» студиясының негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан келе жатқан домбыра аспабын дәріптеп үйрету. Осы жолда аянбай еңбек ете бермекпіз. «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген ұран менің де жүрегімнен орын алған, – дейді Дарина Нұрланқызы.
Комментарии