Жас ғалым Таир
Дата: 09.07.2024 Рубрика: Бери пример!
0
73
0
Қостанай қаласындағы НЗМ оқушылары Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде өткен «Science. Technology. Algorithmization. Programming» халықаралық байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Аталған ашық халықаралық ғылыми жұмыстар байқауында 10 «А» сынып оқушысы Таир Мырзағалиев «Ортаның кедергі күшінің дене пішіні мен жылдамдығына тәуелділігін зерттеу» атты ғылыми жұмысын қорғап, автомобиль корпусының аэродинамикалық қасиеттерін жақсарту арқылы отын шығынын азайту жолдарын ұсынды. «Физика» секциясы бойынша ұсынылған 69 жұмыстың ішінде суырылып алға шығып, бірнеше жылғы ізденісінің және қажырлы еңбегінің арқасында І орынға ие болды. Әрине, ғылыми жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Кафизова Гүлмира Мұратовнаның еңбегін атап өтпеске болмас.
Таирдың ғылымға деген қызығушылығы 9-сыныпта физика пәнінен «Ортаның кедергі күшінің дененің пішіні мен қозғалыс жылдамдығына тәуелділігі» атты ғылыми жұмыспен айналысқан сәттен басталды. Көптеген техникалық әдебиеттерді саралап, аэродинамика бөлімін зерттеді. Ал, практикалық бөлімде сезімтал таразы көмегімен ортаның кедергі күшінің мәнін эксперименталды өлшеді, анемометр арқылы ауа ағынының жылдамдығын өлшеді.
Автомобиль корпусын жетілдіру арқылы отын шығынын азайту жолдарын ұсынған Таир аталған тақырып бойынша бірнеше байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Былтыр сәуір айының ортасында өткізілген «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда жүлделі 3-орынды иеленді. Желтоқсан айында ғылыми жұмыстар байқауының желілік кезеңіне өтіп, үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған «Жас әл-Фараби» мектеп оқушыларының республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конференциясында 3-орынды қанжығалады.
Комментарии