Баланың бал тілі
Дата: 02.07.2024 Рубрика: Бери пример!
0
61
0
Науырзым ауданында дәстүрлі «Бала тілі – бал» аудандық байқауы ұйымдастырылды. 5-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында жыл сайын ұйымдастырылатын байқауда Дәмді, Шолақсай, Қожа ауылдарынан және Қарамеңді ауылында орналасқан «Балапан», «Балдырған» балабақшаларынан сонымен қатар Жамбыл бастауыш мектебінің даярлық сыныбынан 1 бүлдіршін мен қоса алғанда барлығы 6 балдырған өнер көрсетті.
Жүлдеден үмітті сайыскерлер жан-жақтылығымен көзге түсуге тырысты. Атап айтар болсақ, Шолақсай ауылынан келген Балтабек Айтөре, Қожа ауылынан келген Нұрсұлтан Айлана, дәмділік Досан Ислам, Жамбыл бастауыш мектебінің атынан шыққан Серікбай Әдина қызымыз, Балдырған балабақшасының тәрбиеленушісі Сәрсенбай Аяла балапан, «Балапаннан» келген Асылым атты бүлдіршіндер өз қылықтарымен көрермен көзайымы болды.
Әсіресе, Шолақсай ауылынан келген Айтөре балақайдың бал тілі көрермендерді тәнті етті. Өзін ұялмай таныстырып, бағалаушы алқасына Мақта қыз ертегісін мүдірмей айтып берді. Әннен Аяла, Ислам, Асылым қыздарымыз шашуы шашып, Аяла, Әдина қыздарымыз мың бұрала биледі.
Байқау қорытындысында 1 орын Шолақсайдан келген Айтөреге бұйырып, қалған бүлдіршіндеріміз «Ақылды балақай», «Зерек балақай», «Өнерлі балақай», «Шығармашыл балақай», «Дарынды балақай» номинацияларын иеленді.
Айта кетейік, байқауды ұйымдастыруға Науырзым ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту орталығы мұрындық болды.
Комментарии