Ана тілге деген зор құрмет
Дата: 02.07.2024 Рубрика: Бери пример!
0
67
0
Қостанайдағы №24 мектеп-гимназияда «Бірлігі жарасқан ел!» атауымен іс-шарасы өтті. Оған 1-4 сыныптардың барлығы, ата-аналар, өңіріміздің білім саласының мамандары мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алашқа белгілі ақын, драматург, көсемсөзші, журналист, қоғам қайраткері, профессор Ақылбек Шаяхмет, осы оқу ордасында талай жыл жемісті еңбек етіп, басшылық қызмет атқарған ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сәуле Кәрімова жас жеткіншектерге өздерінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Кішкентай оқушылар ел, жер, Отанға, ана тіліне арналған ақындарымыздың өлең жырларын тебірене оқып берді. Білімнің қарашаңырағы биылғы оқу жылын жоғары жетістіктермен аяқтап отыр. Оқушылар ғылыми жобалар байқауларында, олимпиадаларда, конференцияларда, зияткерлік, спорттық-танымдық ойындарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, топ жарып жүр. Бұл жолы үздік шәкірттер «Жыл оқушысы», «Зияткер-2024» номинациялары бойынша марапатталды.
«Біздің оқу ордамыз ұлттық құндылықтарға, ана тілімізге құрметпен қарайды. Басты мақсатымыз – болашағы жарқын жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, тәрбиелеу ісін де бірінші кезекке қоямыз. Мұндай шара алдыңғы буын мен келешек жастар арасындағы байланысты арттыра түседі. Марапатталған шәкірттеріміздің бұдан әрі оқуға ынтасы артып, басқа құрбы-құрдастарына үлгі болып жүреді. Баланы дұрыс бағытпен тәрбиелеуге ұстаздарымызбен қатар, ата-аналарымыздың еңбегі зор», – дейді оқу ордасының директоры Нұргүл Қасенова.
Салтанатты жиынның басты қонағы – Алматыдан келген белгілі әнші, сазгер, жыршы-термеші Жарасхан Төлебай. Талай әндердің авторы, басқаларын айтпағанда, бір ғана «Мен Қазақпын» шығармасы көпшілікке кеңінен танымал, жас-кәрінің жүрегін жаулаған рухты көтеретін туынды. Ол жиналғандарға бірнеше әнін тарту етті.
Айзере Қыдырбек, оқушы.
Комментарии