Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Этно лагерь» – ұлттық тәрбие үйлесімі

Дата: 28.07.2026 Рубрика: А у нас...
5
0
«Этно лагерь» – ұлттық тәрбие үйлесімі
Жаз мезгілі – балалардың демалып қана қоймай, жаңа білім мен өмірлік дағдыларды меңгеретін ерекше кезеңі. Осы мақсатта Рудный қаласындағы №8 жалпы орта мектебінде маусым айының алғашқы күнінен бастап ұйымдастырылған «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагері биылғы жылы жаңа форматта жұмысын жүргізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Этно лагерь» жобасын жүзеге асырды.
 Жоба Қазақстан Республикасы жүзеге асырып отырған «Адал азамат» бағдарламасының негізгі қағидаттарымен үндесіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық мәдениетке құрмет, еңбекқорлық, жауапкершілік, бірлік пен патриотизм қасиеттерін сіңіруге бағытталды. Лагерь жұмысына 1-6 сыныптар аралығындағы жүзге жуық оқушы қатысты. Екі апта бойы балалар гаджеттерден алшақтап, ата-бабамыздан мирас болған салт-дәстүрлермен, ұлттық өнермен және қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
 
Киіз үй – ұлттық тәрбиенің ордасы
 
Мектеп ауласында арнайы тігілген сәнді киіз үй лагерьдің басты символына айналды. Бұл жер балалар үшін тек демалыс орны емес, ұлттық рухты сезінетін, шығармашылық қабілеттерін дамытатын ерекше білім алаңы болды. Киіз үйде ұйымдастырылған шеберлік сағаттары барысында оқушылар жүн түтіп, ұршық иірудің қыр-сырын үйренді. Қазақтың дәстүрлі қолөнерімен танысты, құрт жасаудың дәстүрлі тәсілдерін көріп, ұлттық тағамдардың ерекшелігін білді, кілем тоқу өнерінің алғашқы қадамдарын меңгерді. Осы жұмыстар арқылы балалар қазақ халқының еңбек мәдениетімен танысып, ата кәсіптің қадірін түсіне білді.
 Ұлттық өнер – жаңа форматта
 Лагерьдің ерекшелігі – дәстүр мен заманауи шығармашылықтың үйлесім табуы болды. Оқушылар ұлттық ою-өрнектерді жаңа технологиялар арқылы бейнелеп, гипстен қазақы нақыштағы кәдесыйлар жасап, бүгінде кең таралған String Art әдісімен ерекше композициялар әзірледі. Мұндай жұмыстар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырды.
 Лагерь бағдарламасында қазақтың ұлттық ойындарына ерекше көңіл бөлінді. Балалар «Асық ату», «Арқан тартыс», «Бес тас», «Ханталапай» секілді ойындарға қатысып, ептілік, мергендік, ұйымшылдық және көшбасшылық қасиеттерін шыңдады. Бұл сайыстар ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етті.
 Қызықты әрі мазмұнды демалыс
 Халықаралық балаларды қорғау күні лагерьдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мектеп ауласы балалардың шат күлкісіне, көтеріңкі көңіл-­күйіне толды. Мектеп әкімшілігі қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, қауіпсіз әрі қызықты демалыс тіледі.
 Лагерь тәрбиеленушілері жеті топқа бөлініп, өз топтарының атауы мен ұранын таныстырды. Күн сайын таңғы жаттығудан басталған жұмыс кестесі танымдық ойындармен, шығармашылық үйірмелермен, спорттық жарыстармен және мәдени іс-шаралармен жалғасты.
Әр күннің қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Бұл балалардың белсенділігін арттырып, өзара ынтымақтастық пен достық қарым-­қатынасты нығайтты.
«Адал азамат» құндылықтары – тәрбиенің өзегі
 «Этно лагерь» жұмысының әрбір бағыты қазақтың асыл құндылықтарын жүзеге асыруға негізделді.
 «Балалар еңбекке құрметпен қарауды, үлкенді сыйлауды, ұлттық мұраны қастерлеуді, табиғатты аялауды және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді іс жүзінде үйренді. Осындай тәрбиелік мазмұндағы жұмыстар арқылы оқушылардың бойында ұлттық сана мен патриотизм, еңбекқорлық пен жауапкершілік, шығармашылық ойлау, өзара сыйластық пен ұйымшылдық және адамгершілік және азаматтық қасиеттер қалыптасты», – дейді Гүлфира Шарапбекқызы.
Рудный қаласындағы №8 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған «Этно лагерь» – жазғы демалыстың жаңа үлгісіне айналған ерекше жоба болды. Ұлттық дәстүрді жаңғыртып, заманауи шығармашылықпен ұштастырған лагерь балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген әрбір іс-шара жас ұрпақтың бойында ізгі қасиеттерді дарытады. Осындай игі бастамалар өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, елін, жерін сүйетін, еңбекқор, білімді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайды.
Айтолқын ӘБДІЛДА, Рудный қаласы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!